• Справочная

    8 (7222) 777-338
  • Мекен-жай

    Мичурин көшесі 140А
  • Жұмыс уақыты

    Тәулік бойы

ШҚО-да бірегей гибридті ота залы ашылды

Республика бойынша хирургиялық араласуға арналған жоғары технологиялық кешен Семей қаласындағы жедел медициналық жәрдем ауруханасында жалғыз болып табылады.

Бұл ота залы жабдықтарының бірегейлігі – бір науқасқа интервенциялық араласу мен ашық әдістерді (мысалы, жүрек пен бас миын) қоса алғанда, отаның бірнеше түрі жасалады.
JCI халықаралық “Алтын” стандарттарының талаптарына сай жобаланған жаңа медициналық нысанды еліміздің жетекші нейрохирургы, Ұлттық нейрохирургия ғылыми орталығының басқарма төрағасы Серік Ақшолақов ашты. Сонымен қатар, медицина саласының мэтрі Серік Ақшолақов өзінің әріптесі, тамыр нейрохирургиясы орталағының меңгерушісі Ербол Махамбетовпен және эндоваскулярлық хирургия және гибридті операциялық ЖМЖА бөлімшесінің меңгерушісі Айбол Маралбаевпен, төрт сағат ішінде науқастың бас миының ісігін қоректендіретін тамырларды эмболизациялау бойынша күрделі ота жасап, ашық әдіспен алып тастады.
– Бұған дейін бұл ота екі кезеңнен тұратын. Бірінші кезеңде – ісікті қоректендіретін тамырлардағы эндоваскулярлық ота жасалса, ал бірнеше күннен кейін отаның екінші кезеңі яғни ісікті жою операциясы жасалынатын. Мен бүгін осы ота залында аталған кезеңдерді бір уақытта және науқастың жағдайына нұқсан келтірмей жасау мәртебесіне ие болдым. Қазақстанда теңдесі жоқ жаңа операциялық құрал-жабдықтармен жұмыс жасағаныма дән ризамын. Гибридті ота залы халыққа жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға және күрделі науқастардың өзге елге жіберілмей осы жерде емделуіне мүмкіндік береді. Әрине, бұл Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовтың қолдауымен жүргізіліп отырған, облыс медицинасын әлемдік деңгейге көтерудегі жұмыстың нәтижесі, – деді еліміздің бас нейрохирургы Серік Ақшолақов.
Шыны керек, облыстың денсаулық сақтау саласын дамытудың кешенді бағдарламасының негізінде елімізде 2018 жылы алғаш рет облыстық мамандандырылған медициналық орталық базасында Өскемен қаласында роботохирургия және трансплантология орталығы, Аягөз және Алтай қалаларында Ұлттық нейрохирургия орталығының әдіснамалық қолдауымен екінші деңгейдегі инсульт орталықтары, сондай-ақ Семей қаласының ЖМЖА базасында Травматология және ортопедия ұлттық институтымен бірлесіп, политравма және ортохирургия орталығы құрылды.
Жаңа жобаға келетін болсақ, гибридті ота бөлмесі хирургияның көптеген салалары үшін қажетті барлық дүниелерді қамтиды. Оның классикалық ота залынан негізгі айырмашылығы – ашық және аз инвазивті лапароскопиялық араласуларды жүргізуге арналған жабдықтар мен технологиялардың бірыңғай көпфункционалды блогында медициналық визуализация жүйелерімен яғни, магнитті-резонанстық томографтармен, компьютерлік томографтармен, хирургиялық рентгендік немесе С-доғалармен, УДЗ-жүйелерімен сондай-ақ, авигация жүйелерімен үйлестірілуі.
Ота залының ашылуына қатысқан Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың айтуынша, негізгі мақсат – Семей қаласындағы және Семей өңіріне қарасты тұрғындарды жоғары мамандандырылған медициналық көмекпен қамтамасыз ету.
– Семей өңірінің 700 000 тұрғынына көмек көрсететін ЖМЖА-сы өңірдегі стационарлық көмек көлемінің 40 пайызын көрсетеді. Жыл сайын 24000-нан астам науқас аурухананың қабылдау-диагностикалық бөлімшесінде тексеруден өтіп, оның ішінде 14000 адам ауруханаға жатқызылады. Халықтың мұндай үлкен сұранысы олардың уақытылы және кешенді медициналық көмек алуына ықпал ете отырып, ота зылының көмегімен қантамырлық бұзылулар (инсульттер мен инфарктілер кезінде) және политравалар кезінде мүгедектік пен өмір сүру пайызын төмендету мақсатында қолданылып отыр. Жобаның жалпы құны 2,3 млрд.теңгені құрайды. Оның ішінде ұйымдастыру, ғимаратты қайта жаңарту және гибридтік операциялық жүйені орнату кіреді. Ал, 1,7 млрд. Теңге ота жасауға арналған жабдыққа жұмсалған. Қаражат облыстық бюджеттен және бюджеттен тыс көздерден де бөлінді. Бүгінгі таңда жабдықдар еуропалық және америкалық сапа стандарттарының соңғы үлгісі болып табылады. Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ота жасау облыс тұрғындарына қолжетімді болады деп үміттенеміз, – деді Әсем Бекқызы.
Бүгінгі таңда ауруханада гибридті ота жұмысы үшін арнайы мамандар тобы ұйымдастырылған. Ота жасауға байланысты дәрігерлердің құрамы 20-дейін жетуі мүмкін. Гибридті ота бөлімінде жылына 3 мыңға жуық операция жүргізу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін жоғары және білікті мамандарды дайындау жұмысы атқарылды. ШҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджанның айтуынша, 2017 жылдан бастап Семей қаласының ЖМЖА-сы дәрігерлерді шетелге үш деңгейлі оқыту бағдарламасына жіберуде. Оған облыс әкімдігі 2017 жылдан бастап 3,2 млрд. теңге қаражат бөлген. Осы жоба аясында 19 маман Англияда 3 ай бойы мультидисциплинарлық топ принципі бойынша оқытылды. Бұған рентгенхирург, анестезиолог, травматолог, невролог, кардиолог, сәулелік диагностика мамандары кірді. Сондай-ақ, республикалық орталықтарда нейрохирург мамандары, интервенциялық кардиологтар, рентген-зертханашылар қайта даярлаудан өтті. Жалпы алғанда 43 маман арнайы оқытудан өтіп, гибридті ота жүйесінде жұмыс істеу үшін арнайы дайындалды.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айында оқыту бағдарламасы жалғасын таппақ. Семей қаласының ЖМЖА-ның 12 маманы білімдерін шыңдау мақсатында шетелге аттанатын болады.