Гемопоэтикалық (қан түзуші) бағаналы жасушалар адамның сүйек кемігінде түзіледі және қан жасушаларының — лейкоциттер, эритроциттер мен тромбоциттердің бастамасы болып табылады.
Гемопоэтикалық бағаналы жасуша трансплантациясын кімдер қажет етеді?
Онкологиялық және гематологиялық ауруларға шалдыққан көптеген науқастар үшін гемопоэтикалық бағаналы жасушаларды трансплантациялау — өмірді сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі. Бұл процедура рак, лейкоз, лимфома және тұқым қуалайтын ауруларға шалдыққан мыңдаған ересектер мен балалардың өмірін сақтап қала алады.
Қазақстанда жыл сайын жүздеген балаға бағаналы жасуша трансплантациясы қажет. Алайда олардың аз ғана бөлігі дер кезінде көмек алады. Себебі «генетикалық егізін» табу өте қиын.
Гемопоэтикалық бағаналы жасуша доноры кім бола алады?
Потенциалды донор 18–45 жас аралығындағы кез келген азамат бола алады. Ол вирустық гепатит, туберкулез, сифилис ауруларымен ауырмаған, ВИЧ-инфекциясын тасымалдаушы емес және медициналық көрсеткіштер бойынша қарсы келетін аурулары болмауы тиіс (бұл дәрігер тексеруінен кейін анықталады).
Донор жасының маңызды фактор екені де ескеріледі: донор неғұрлым жас болса, трансплантаттағы бағаналы жасушалардың концентрациясы мен «сапасы» соғұрлым жоғары болады.
Типтеу (HLA-генотипін анықтау)
Гемопоэтикалық бағаналы жасушалардың доноры болу үшін HLA-генотипін анықтау (типтеу) қажет. Ол үшін донордан бір пробирка қан алынады (қарапайым қан талдауындай). Жиналған қан үлгісі арнайы зертханада зерттеледі.
Типтеу нәтижелері Қазақстанның Ұлттық гемопоэтикалық бағаналы жасуша донорлары регистріне енгізіледі.
Деректер регистрге енгізілгеннен кейін не болады?
Трансплантация қажет болған пациент пайда болса, оның HLA-мәліметтері регистрдегі донорлардың мәліметтерімен салыстырылады.
Сәйкестігі жоғары бір донор немесе өте сирек жағдайда бірнеше донор анықталуы мүмкін.
Потенциалды донорға хабар беріледі, әрі ол нақты донор болу-болмау жөнінде шешім қабылдайды.
Потенциалды донордың нақты донорға айналу ықтималдығы — 1%-дан аспайды.
Сондықтан Ұлттық регистрді толықтыру өте маңызды. Регистрде қаншалықты көп адам болса, соншалықты көп адамның өмірін сақтап қалуға болады.
Науқасқа донор табу мүмкіндігі — 10 000 адамның ішінде 1 адам.
Бағаналы жасушаларды алу қалай жүргізіледі?
Қазіргі уақытта бағаналы жасушаларды веналық қаннан алуға болады. Бұл — донор үшін қарапайым әрі қауіпсіз процедура.
Жасушаларды алу келесі жолмен жүргізіледі:
Арнайы медициналық препараттың көмегімен сүйек кемігіндегі жасушалардың қанға шығуы ынталандырылады.
Содан кейін олар венадан арнайы жоғары технологиялық аппарат арқылы жиналады, ол тек қажетті жасушаларды бөліп алады.
Донор тек бағаналы жасушаларының аз ғана бөлігін береді.
Бағаналы жасушалар көлемі 7–10 күн ішінде толық қалпына келеді.
Донор жасушаларының 5%-ы науқасқа қан түзу қызметін қалпына келтіру үшін жеткілікті. Бұл жасушалар көбейе алады. Науқасқа донор жасушалары құйылады, олар организмге бейімделіп, қан түзе бастайды. Осылайша адамның өмірі сақталады!
ГЕМОПОЭТИКАЛЫҚ БАҚАНАЛЫ ЖАСУШАЛАР ДОНОРЛЫҒЫНЫҢ ҚАҒИДАЛАРЫ
ЕРІКТІЛІК
Қазақстан Республикасының кез келген азаматы гемопоэтикалық бағаналы жасуша доноры болуға ерікті түрде шешім қабылдайды. Донор болу — азаматтық жауапкершілік пен өзге адамға нақты көмек көрсетудің белгісі.
ТЕГІН (ӨЗАРАСЫЗ)
Бағаналы жасушаларды донорлық ету — ақысыз негізде жүргізіледі.
ҚҰПИЯЛЫҚ
Донор туралы жеке ақпарат пен оның генотиптік деректері қан орталықтары тарапынан толықтай құпия сақталады.
ГСК РЕГИСТРІНЕ ҚАНДАЙ ЖЕРДЕН ТІРКЕЛУГЕ БОЛАДЫ?
Қан орталығының мекенжайы: Семей қаласы, Сеченов көшесі 4/3
Байланыс телефоны: 8 (7222) 42-15-34
Донорларды қабылдау және кеңес беру уақыты: күнделікті жұмыс күндері 8:00–13:00
© 2024. АО ДСБ "Жедел медициналық жәрдем ауруханасы" ШЖҚ КМК