Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес, шетелдік мамандар Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы тиісті маман сертификаты болған және клиникалық практикаға жіберудің белгіленген тәртібін сақтаған жағдайда ғана медициналық көмек көрсете алады.
Мұндай рұқсатты алу үшін шетелдік мамандар денсаулық сақтау саласындағы маманды сертификаттау қағидаларына (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-274/2020 бұйрығы) сәйкес Комитеттің аумақтық департаменттеріне өтініш береді. Өтінішке білім туралы құжат, еңбек және кәсіби қызметін растайтын құжаттар, кәсіби дамуы туралы мәліметтер және кәсіби даярлығының бағалау нәтижелері қоса ұсынылады.
Сонымен қатар, шетелдік мамандар сертификаттау кезінде жергілікті атқарушы органнан алынған шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат ұсынады. Бұл талап 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің азаматтарына қолданылмайды.
Қазақстан Республикасынан тыс жерде медициналық білім алған шетелдік мамандар олардың білімі және (немесе) біліктілігі белгіленген тәртіппен танылған жағдайда сертификаттауға жіберіледі. Бұл талап «Назарбаев Университетіне» немесе оның медициналық ұйымдарына, Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының медициналық ұйымдарына кәсіби медициналық қызметті жүзеге асыру үшін шақырылған тұлғаларға, сондай-ақ жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, ұлттық және ғылыми орталықтарда, ғылыми-зерттеу институттарында және қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын, институционалдық аккредиттеуден өткен жоғары медициналық колледждерде оқыту мақсатында шақырылған тұлғаларға қолданылмайды.
Аталған талаптар пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және медициналық көмектің сапасына кепілдік беруге бағытталған. Рұқсат құжаттары жоқ мамандарға жүгіну диагноз қою мен емдеуде қателіктерге, сондай-ақ пациенттердің құқықтарының бұзылуына әкелуі мүмкін.
© 2024. АО ДСБ "Жедел медициналық жәрдем ауруханасы" ШЖҚ КМК